Білім алушылар кәсіпкермен кездесті

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде 2019 жылдың 21 қарашасында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып отырған «Кәсіпкерлік негіздері» курсы аясында 3 және 4 курс студенттері Семей қаласының «Intellectual» білім беру орталығының басшысы, жас кәсіпкер Еркебұлан Серікқалиұлы Тұрсынмен кездесті.

«Кәсіпкерлік негіздері»  курсын оқытудың жаңа әдістемесіне үйрену үшін биыл 19-29 тамыз аралығында «Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің 18 оқытушысы «Кәсіпкерлік негіздері» біліктілікті арттыру курсынан өтті.

Осы біліктілікті арттыру курсын тәмәмдаған «Экономика және менеджмент» және «Қаржы» кафедраларының оқытушылары Абылкасымова Жібек Ануарбековна, Қасенов Дастан Сансызбайұлы, Ахунова Динара Зиятовна университеттің Экономика және құқық, Аграрлық факультет, Жаратылыстану-математика факультеттерінің 3-4 курс студенттеріне «Кәсіпкерлік негіздері» бойынша оқытудың жаңа әдістемелерін қолдану арқылы курс жүргізуде.

Аталған курс барысында студенттер мен бизнес саласындағы кәсіби тәжірибелі маманмен кездесу ұйымдастырылып, «қонақ дәріс» өткізілді. Семей қаласының «Intellectual» білім беру орталығының басшысы, жас кәсіпкер Еркебұлан Серікқалиұлы Тұрсын студенттерге кәсіп бастау, оны тиімді жүргізу шарттары бағытында өзінің тәжірибелерімен бөлісіп, сұрақ-сауалдарына жауап берді.

Еркебұлан Серікқалиұлы студенттерге кез-келген кәсіпкер үшін өмірде қажет болатын құзыреттіліктер төңірегінде, бизнеске қажетті кәсіби команданы жинау маңыздылығы жайында, кәсіпкерліктің бастауына арналған идеяны дамыту мен қаржы көздерін қалай тарту керектігі жөніндегі өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ қазіргі нарықтың трендтері мен жай-күйі төңірегіне қатысты да ой қозғады.

Егемен еліміздің болашағы жастар еншісінде. «Кәсіпкерлік негіздері» курсында алған білімдері мен игерген тәжірибелерін жастар ел игілігін арттыру үшін қолданбақ.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Похожее

Комментарии