Мұсабек Нүкеш: «Адамға ең әуелі иман, содан соң қаржылық сауаттылық керек»

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері - Мұсабек Нүкеш. Қазақ-Американ еркін университеті, «Қаржы» мамандығының 2 курс студенті, «Авангард +» жас кәсіпкерлер мектебінің 4 маусымның түлегі, «TASYMAL» ЖК құрылтайшысы және «Сыйлас» ЖК құрылтайшыларының бірі.

- Мұсабек, кәсіпкерлікке қалай келдіңіз? Жобаларыңызды қалай іске асырғаныңызды алғашқы қадамнан бастап баяндап берсеңіз.

- Былтырғы жылдың наурыз айы «Авангард +» ЖКМ-де оқып бастаған кезім. Дәл сол уақытта ағамның танысы - Серікбек Райхан бизнес-жоспар жасап беруді өтінген екен. Ағамның уақыты тапшы болғандықтан, бұл өтінішті маған жеткізді. Мен ол кісіні бұрыннан танитынмын, бірақ жақын араласпағанмын. Райхан Серікбек мырза бұрын кәсіпкерлікпен айналысқан, бірақ жол-көлік апатына түсіп, мүгедек болып қалған азамат екендігін естігенмін. Сол бір сынаққа қарамастан, іскерлікпен айналысуға деген талпынысы мені де шабыттандырып, ол кісімен жүздесіп, қандай бизнес-жоспар жасау керектігін сұрап, жазып беруге келістім. Оны жазу барысында кездескен сұрақтарды «Авангард +» коучтарынан сұрап жүрдім, сөйтіп «Авангард +» курсын аяқтаған кезде толық құрылымды 26-27 беттік бизнес-жоспар дайын болды. Біз оны «Дамуға» ұсындық, бірақ кепілге қоятын жеке мүлкіміз болмады. Сондықтан инвесторларға ұсындық, ол жақтан да қолдау таппағандықтан, Райхан Серікбек мырза ақырындап, өз қаражатына идеясын іске асыра бастады. ЖК ретінде тіркеуден бастап, танымбелгі алу, сертификат, басқада құжаттама жұмыстарында бастан аяғына дейін бірге болып, 1 жыл ішінде өндірісті іске қостық. Қазір ақырындап, өзіміз тұратын ауданнан бастап өнімімізді дүкендерге таратып жатырмыз. Осылай «қаптамадағы қуырылға пісте» алғашқы стартапы іске қосылды.

Екінші стартапқа тоқталар болсақ, мен «Авангард +» ЖКМ-нен кейін республикалық ZhasProekt жобасына қатыстым, бірақ грантқа ілікпедік. Содан соң ресейлік миллиардер Аяз Шабутдиновтың бизнесті құру және дамыту бойынша «Долина» 6 апталық тәжірибелік курсынан өттім. Бұл курс маған кәсіпкерлікке нақты қадам басуға зор ықпал етті. Оны аяқтаған соң туысқан ағамның қол астында біраз уақыт жұмыс жасап, тәжірибе жинадым. Араға уақыт салып ҚХР-нан тауар тасымалдау бойынша 2-ші стартап «TASYMAL» ЖК іске қосылды. Осы стартап бойынша Инстаграм желісінде dostavka_is_kitay аккаунтын аштым. Онда тауар каталогтарын ғана емес, пайдалы параша ретінде болашақ кәсіпкерлерге пайдалы кеңестер мен материалдарды да салуды жөн санап отырмын. Ал жалпы «TASYMAL» ЖК туралы айтар болсақ, Қытайдан кез-келген тауарды Қазақстанға жеткізіп берумен айналысамыз. Біз тауарды үстеме бағамен сатпаймыз, тек тауар бағасынан 10-15% қызмет көрсету ақымызды ғана алып, клиентке керекті заттарын жеткізіп береміз. Ал клиенттер ол заттарды әрі қарай үстеме бағамен сата ма әлде өздері тұтына ма - өздері шешеді. Қазірге кезде Қытайдан тауар деген кезде көп адамда ақауы бар немесе сапасы төмен тауарлар шығар деген, кейбірінде, алдап кететін делдалдар деген негативті ой тұрады. Бірақ бізде делдалдық жоқ. Біз тура зауыттан алып, Қытайдағы қоймада тексерістен өткізіп, Қазақстанға жеткіземіз. Көп адамдар сапалы деп Ресей неме Украина сайттарынан түрлі заттарға тапсырыс беріп жатады, бірақ мен ол тауарлар Қытайдан алынатындығына 100% кепілдік беремін, тек өздеріне сайт жасап, үстеме бағамен ТМД аумағында сатылымға шығарып жүр. Бұған жұмыс барысында куә болдым. Қытайда тауар 3 бағаға бөлінеді қымбат төлесеңіз, сапалысын аласыз, арзан төлесеңіз, сапасызын аласыз.

Екі жоба бойынша да жұмыстар әріден басталғанмен, нарыққа шығарғанымызға көп болмады. Сол жолда жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

- «Авангард+» жас кәсіпкерлер мектебіне келу кәсіпкерлік жолын таңдауыңызға түрткі болды деуге бола ма әлде бұл бұрыннан бергі арманыңыз ба?

- Кәсіпкерлікке деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталған. 10-11 сыныпта оқу-өндірістік комбинатта кәсіби бағдарлау бойынша «Кәсіпкерлік және оның негіздері» деген курстан өттім, одан кейін «Авангард +» ЖКМ курсынан өттім. Онда оқуым студенттік шақтарымның қызықты әрі мәнді өткен кездерінің бірі болды. Себебі «Авангард +» ЖКМ тегін курсына қатысуым жаңа өмір биіктеріне көтерілуге, өмірімде тың серпілістің орын алуына алып келді. Кәсіпкерлікті ойда қортып қана жүрмей, бастап кетуге итеріп жіберген курс болды. Сондай-ақ, сенімді достар да таптым. Осы тұста үйлестірушіміз болған, басынан бастап қасымызда табылатын, өз жұмысын өте жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқаратын Дорошенко Христина Вадимовнаға алғысымды білдіремін. Айтайын дегенім, дәл таптыңыз, бұл мектептің кәсіпкерлік жолын бастауымда өзіндік әсері мол болды. Кәсіпкерлік негізім қаланған соң әрмен қарай ізденуді жөн санадым. Кейін LikeCenter және «Бизнес-Советник» курстарынан өттім. Қазір «Бастау Бизнес» курсына қатысып жатырмын. Осы жолдарды басып өтуде, мектептегі және ЖОО нұсқаулары да көп көмегін тигізді.

- Үй ішінде кәсіпкерлік жолын салып кеткен жақындарыңыз бар ма? Кәсіпкер болу ниетіңізге жақындарыңыз қалай қарайды?

- Әкем құмблок, далда өндірумен айналысады. Мектеп бітіргенше мен де әкеме қолғабыс болып, сонда жұмыс істедім. Ал жеке істі бастауға өзім келдім.

Отбасымдағы кісілер көненің адамдары, мұғалім болып тұрақты жұмыс істеуімді қалады, бірақ мен алдыма биік мақсаттар қойдым, оған жету үшін кәсіпкер болам деп шешім қабылдадым. Сондықтан ЖОО-на түсерде «Менеджмент» мамандығына тапсырып, кейіннен «Қаржы» мамандығының ауқымы кең екенін түсініп, сонда ауыстым. Осы тұста мына мәселені айта кеткім келіп тұр, мектепте арман, мақсат, жетістік дегеннің не екенін оқытып, түсіндірмейді, ал негізінде адамға ең бірінші керегі осы жайлы білімдер. Мектеп бітіретін көп жастардың мамандық таңдауда қиналатындықтары да сондықтан деп ойлаймын.

- Кәсіпкер боламын деушілер алдынан шығатын ең алғашқы қиындықтар - идея және айналымға қаражат таба алмау деп жатады. Ал Сізде бұл мәселе орын алды ма, алған жағдайда қалай шешілді?

- Кез келген санаттағы кәсіпкер үшін бастысы - идея, команда және инвестиция. Мен кәсіпке келгенде ақша да, идея да болмады, тек әр түрлі жерде жүріп тәжірибе жинадым. Содан соң қазір жанымдағы кісілер өздері идея ұсынып, команда пайда болды. Солай жұмысымды бастадым. Кәсіпкер болам дейтін жастарға қазірден бастап тәжірбие үшін жұмыс істеңіздер дегім келеді, бұл кеңесті Роберт Кийосакидің өзі айтқан.

Кәсіпке келу үшін ақша басты қызмет атқармайды. Тек идея жақсы, команда мықты болу керек. Инвестицияға келер болсақ, елімізде түрлі стартап жобалар өте көп, тіпті, «Бизнестың жол картасы 2020» бағдарламасы да қайтарымсыз гранттар арқылы талай жастың белін буып, істеріне үлес қосты. Егер ХХІ ғасырда жас кәсіпкерлер қандай да бір жағдайда кәсіпте қиналатын болса, ол өзінің ізденбеушілігінен, өзін дамытпаушылығынан, айналасындағы негативті адамдардың пікірінен шыға алмушылығынан. Бұл жерде «бәрі өзімде» заңдылығы жүретінін айтуға болады.

- Демек, кредитсіз бизнес бастауға болады ғой?

- Әрине. Өзің жинаған қаражат болмаса да, лизинг арқылы, серіктес болу арқылы керек соманы табуға болады. Басқа да жолдар көп қой.

- Кәсіп бастаушылар ішінде құжаттама, әсіресе, бухгалтерлік құжаттама жағынан қиналатындар жетерлік. Бұл мәселе шешімін қалай таптыңыз? Өзіңіз оқып алдыңыз ба, маман жалдадыңыздар ма әлде арнайы компаниялар қызметін пайдаланып отырсыздар ма?

- Мен «Авангард +» мектебінде оқып жүрген кезде қазіргі күні өзінің «Иван-шай» өндірісін қолға алған Марина Батурина атты жаңа жақсы дос таптым. Онымен жақсы араласып кетуім осы бухгалтерлік құжаттама ісін жүргізе алуыма зор септігін тигізуде. Себебі Марина мамандығы бойынша бухгалтер. Үнемі одан кеңес сұрап, құжаттама жұмыстарымен өзім айналысамын. Бүгінгі таңда кез-келген дағдыны Интернет желісінен-ақ үйренуге болады ғой. Интернет, әсіресе, Youtube көмегін де жоққа шығармаймын.

- Кәсіпкердің бойында қандай қасиеттер болу керек, ал қандай мінез-құлықтар ісіне кері әсерін тигізеді деп ойлайсыз?

- Тәуекел ете білу, үнемі жаңа нәрсені үйренуге ұмтылу, өзін дамытушылық, табандылық, қаржылық сауаттылық пен тіл табысу өнері. Ең басты қасиет - берілмеу. Мен «TASYMAL» фирмасын бастағанда «TAUEKEL» деп атамақшы болғанмын. Өйткені тек тәуекел жаңа белеске көтерілуге көмектеседі деп санаймын. Сондай-ақ, өзгелердің сөзіне тәуелді болмау керек және кәсіпте адал болу керек. Кері әсер ететін қасиеттер қандай деп жатырсыз, жоғарыда аталған қасиеттерге керілері ғой. Мәселен, егер адалдық болмаса, қандай да бір өтірік жағдай орын алатын болса, ол кәсіпкерді нарық өзі ысырып тастайды. Себебі қазіргі нарықта ұсыныс көп, сұраныстың да талаптары жоғары. Сонымен қатар, заман талабына сай кәсібін жаңғырытып, заман көшімен ілесіп отырмаса құлдырауға кету тез-ақ. Өзгелердің сөзіне тәуелді болмау керек дегенді кеңінен тарқатып айтар болсам, «ештеңе істемеген адамға керемет болып көріну оп-оңай» деген мәйек сөз бар, сондықтан кәсіпкер болам немесе игі іс істеймін деген адамға айналадағы адамдардың сөгіс айтатыны сөзсіз. Себебі бір істі мүлтікіз бастан-аяқ орындап шығу жаңа бастап жатқан адамдар үшін қиындау, тіпті, барлығын дұрыс істеген жағдайдың өзінде бәрібір Сізді сөгеді. Бірақ сөз - сөз, ал іс Сіздің нақты кім екеніңізді көрсетеді, сондықтан міндетті түрде ішкі сенімсіздіктерді жеңе білу маңызды.

- Жақсы серіктес, қызметтес, мықты команда қандай болу керек?

- Кәсіпкерілікте ең әуелі атқаратын міндеттер мен үлестерді нақты бөліп алу керек, содан соң командада өтірік іс пен сөз болмау керек, сол кезде ғана іс алға басады. Бұл бизнес қой. Ауыздар өтірік сөйлеп, қолдар өтірік істегенмен, цифрлар шындықты көрсетеді.

- Болашаққа жоспарыңыз қандай?

- Тұрақты жұмыс істеп тұратын кәсіпорын қалыптасытыру және адамдарға қолымнан келгенше көмек көрсету. Мені кәсіпкерлік салада шабыттандыратын да - осы - адмадарға көмек көрсету.

- Ай сайынғы табысыңыз 10 млн теңгені құраса, қалай жұмсар едіңіз?

- (Күліп алды) 10% қайырымдылыққа, 10% өзімді дамытуға, 20% инвестицияға, 10% ойын-сауық, демалуға, қалғанын кәсіптің өзіне саламыз және отбасылық, басқа да шығындарға кетеді. Бұл қазіргі кездегі миллионерлердің формуласы.

- Табыстың жаңа тетіктерін іздеп, әлі де дамып, берілмеу арқасында бұл сомадан асып түсуіңізге тілектеспіз. Бүкпесіз, сырлы сұхбатыңызға рахмет.

- Сіздерге де рахмет. Шығармашылық табыстар тілеймін!

Әсел АСҚАРҚЫЗЫ,
«Авангард +» ЖКМ 3 маусымның
түлегі

Похожее

Комментарии